Ресейлік жаңа технологиялар даму қоры Қазақстандағы үздік стартап жобаны іздестіру үстінде. ТМД елдерінде өтіп жатқан "Стартап тур" байқауы Алматыға де жетті. Үздік деп танылған инновациялық жобаларға шетелдік инвесторлар грант бөлмек, деп хабарлайды Алматы арнасы.
"Инновациялық жобамыздың бірі жол көлік оқиғасын тіркеуде тиімділігін көрсетпек. Қазір ол Ішкі істер департаментінде сынақтан өтіп жатыр. Оның тиімділігі қағазбастылықтан арылтады, бір сағаттық жұмысты 5 минуттың ішінде ретке келтіреді",- деді "Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков.
Байқау бағдарламасына сай, жобалар бірнеше бағыт бойынша сараланады. Мәселен, биологиялық, медициналық технологиялар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қолданатын биологиялық қоспалар, энергетика және ақпараттық технология бойынша. Шараға танымал кәсіпкерлер мен инвестициялық қорлардың басшылары қатысады. Жарыс барысында қазылар алқасы 1200 жобаны бағаламақ.